Жемқорлық дауынан соң қызметінен кеткен Федяевтің орнына СҚО әкімінің орынбасары тағайындалды
Құмар Ақсақалов жаңа орынбасарын таныстырды
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өкімімен Иван Иванович Турков СҚО әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін облыс басшысының орынбасары болған Антон Федяев 3 қыркүйекте қоластындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қызметінен кетті.
«Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы жетекшісі Батырбек Қалабаев пен Ақжар ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Құрал Досымбековке қатысты сот шешімінің заңды күшіне енуіне байланысты Президент әкімшілігімен келісімге сай СҚО әкімінің бұйрығымен, оның орынбасары Антон Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадьяров қызметінен босатылды», - деп мәлімдеді СҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңадан тағайындалған Иван Турков 1976 жылы дүниеге келген. Қызмет жолын СҚО Тайынша ауданында салық инспекторы болып бастап, аудан әкімінің орынбасары дәрежесіне дейін өскен. Сосын Жамбыл ауданы әкімі болған.