Праймеризде шағымдар мен тәртіпбұзушылықтың көбі Нұр-Сұлтан қаласында болды

Автор: Azattyq Rýhy

Праймериздің бірінші кезеңі бойынша сайлаушылардың дауысын есептеу жұмысы толықтай аяқталды 

Праймеризде шағымдар мен тәртіпбұзушылықтың көбі Нұр-Сұлтан қаласында болды
Бұл туралы «Nur Otan» партиялық бақылау комитетенің төрағасы Павел Казанцев «Праймериз 2020, «Nur Otan» партиясының ішкі партиялық іріктеу қорытындысы» баспасөз конференциясында атап өтті.

Г. Алиханқызының шағымы бойынша партия атына кір келтіретін іс-әрекеттері үшін Ж. Зекейұлы кандидат ретінде тіркеуден алынды. «Азия Центр Снаб ЖШС» БПҰ жаңа мүшелерін партияға дәйексіз мәліметтермен қабылдағаны үшін кандидаттар У. Алиева мен Д. Пернееваның тіркелуі жоққа шығарылды.

Онлайн дауыс беру барысында партия мүшелерінің мобильді телефон нөмірлерін жалған енгізгені үшін М. Болысбек және Т. Ерғалиев тіркеуден алынды.

Сонымен бірге, праймериз өткізу барысында 30-дан астам партия мүшесіне партиялық шара қолданылды.

Кандидаттарға үгіт-насихат жүргізу алаңдарын ұсынбағаны үшін Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі А.Е. Рахимбетовке сөгіс жарияланды, Алматы қаласы Бостандық және Әуезов аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Б.М. Джамбылов пен Н.А.  Ордабаеваға, сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.К. Қасымовқа ескерту берілді.

Бұған қоса, кандидаттардың мектептерде және басқа да мемлекеттік мекемелерде үгіт-насихат жүргізуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданғаны хабарланды.
Айта кетейік, брифингке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Казанцев Павел, саясаттанушы, «Nur Otan» партиясының жақтастары Лигасының мүшесі Саиров Ерлан қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, праймериздің бірінші кезеңі бойынша сайлаушылардың дауысын есептеу жұмысы толықтай аяқталды. 

Праймеризге 10 990 кандидат қатысты. Оның 7 143-і – өзін-өзі ұсынушылар. 36%-дан астамы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас.