Вице-министр құс тұмауына байланысты шектеулер болуы мүмкін екенін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ел бойынша 48 елді мекенде карантин жарияланған

Вице-министр Гүлмира Исаева, фото: pm.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева құс тұмауына байланысты Қазақстан өңірлерінде жаңа шектеулер енгізу мүмкіндігі туралы ескертті. Вице-министр БАҚ өкілдерінің «Құс тасымалы, олардың еті мен жұмыртқасына алдағы уақытта тыйым салына ма?» деген сұрағына жауап берді.

«Егер зертханалық зерттеулер құс тұмауының жоғары патогенді вирусының болуын көрсетсе, ветеринарлық қызмет шектеу енгізіп, қажетті карантиндік шараларды жүргізеді», - деп қысқа қайырды Исаева.

Вице-министр бүгінде алты облыстағы 48 елді мекенде (25 аудан – авт.) карантин енгізілгенін айтты. Бұл дәл осы елді мекендерде зертханалық зерттеулер жоғары патогенді құс тұмауының болуын растады дегенді білдіреді.

«Бүгінгі күні Түркістан облысында, Ақтөбе облысында, Шымкентте құс тұмауы (бұрын) тіркелген елді мекендердің ешқайсысында расталған жоқ. Жамбыл облысының бір ауданында, Ақмола облысының бір ауданында, Павлодар облысының бір ауданында және Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының төрт елді мекенінде де қайтадан тіркелген жоқ», - деп нақтылады Гүлмира Исаева.

Бұған дейін ҚР АШМ құс өлімінің төрт өңірде – Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкентте тоқтағаны туралы мәлімдеді.