Оқу жылы басталғалы бері 104 оқушы коронавирус жұқтырған
Онлайн режимге көшпегенде, COVID-19 жұқтырған оқушылар саны 1500-ге жететін еді
1 қыркүйектен бастап, республика бойынша 104 мектеп оқушысынан коронавирус анықталды. Оның 33-і оффлайн режимде оқыған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Оқу жылы басталғалы бері мектеп оқушылары арасында 104 коронавирустық инфекция жұғу фактісі тіркелді. Оның ішінде 33 бала оффлайн режимде оқыған.
Оффлайн режимде оқыған балалармен байланыста болған 550 адам тексеруден өтті. Олардың 7-уінде COVID-19 вирусы тіркелді. Ал онлайн режимде оқып жатқан оқушылар арасында 71 бала ауырып үлгерді. Олармен байланыста болған 240 адамның 15-інде ауру тіркелді. Оқу жылы онлайн режимге көшпегенде, COVID-19 оқушылар арасында тез тарап, кемінде 1500 жағдайға дейін жететін еді»,- деді министр.
Айта кетерлігі, Қазақстанда барлығы 3,47 миллион оқушы бар. Оның 625 мыңы оффлайн режимде оқып жатыр. Қалған 2,85 миллионы онлайн режимде білім алуда.
Министрлік тарапынан санитарлық-гигиеналық талаптар сақталуы керек деп ескертілді.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан