Жамбыл облысында екі жылдан бері құс тұмауына қарсы вакцина бөлінбеген

Қазір Жуалы ауданында анықталған індет ошағында 410 бас құс жойылды

Жамбыл облысында екі жылдан бері құс тұмауына қарсы вакцина бөлінбеген
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысында 2018 жылдан бері мемлекет тарапынан құстар вакцинацияланбаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңір құс тұмауына қолайсыз аймақтар қатарына енгізілгендіктен жоспарға кірмепті.

Қазір Жуалы ауданында анықталған індет ошағында 410 бас құс жойылып, Қаратас ауылы карантинге жабық тұр.

Қаратас ауылына қазір құсты және құс өнімдерін алып кіруге және шығаруға қатаң тыйым салынған. Кіріп-шыққан барлық көлік тексеріліп жатыр. Індеттің келгені туралы ауыл әкімдігіне Нілдәбай Байқонысов бірінші болып хабарлаған. Оның 410 бас құсы қырылып, жойылыпты. Енді ауыл тұрғыны өтемақасын төлеп берсе екен дейді.

«Базар бағасымен бес мыңнан, үлкендері 7-8 мыңнан тұр. Қалай төлейтінін білмеймін. Төлеп берсе екен деп үміттенемін», - дейді Қаратас ауылының тұрғыны Нілдәбай Байқонысов.

Қаратаста соңғы бес күнде құстардың өлуі тіркелмеген. Елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары екі қайтара жүргізіліп, 5 мыңнан астам құс вакцинацияланды. Одан бөлек, індеттің ошағынан 50 шақырым радиустағы ауылдар мен елді мекендердегі құстарға екпе жасалды. Мамандар індет көктем және күз айларында көшіп-қонатын құстардан келген деп болжап отыр. Олай дейтіні, дәл осы елді мекеннен 7 шақырым жерде «Спорный» деген көлшік бар. Жыл құстары сонда уақытша қонып, қоректенетін көрінеді. Қазір зерттеу, бақылау жұмыстары жүріп жатыр. 

«Аудан бойынша 44 600 доза келген. Біз суы көп, жабайы құстар қонатын жердегі құстардың барлығына егіп жатырмыз. Алған дозаның барлығы бітіп, кеше ғана тағы 20 мың доза қосымша алып келдік. Жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді Жуалы аудандық ветеринария станциясының директоры Ғабибек Кебеев.

Жалпы, бұған дейін 2018 жылдан бері Жамбыл облысында құстарға вакцина бөлінбеген. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өңір құс тұмауына қолайсыз аймақтар қатарына енгізілгендіктен, жоспарға кірмепті. Енді өңірде құс тұмауы тіркеле салып, 60 мың доза екпе бөлінген. Оның жартсынан көбі Жуалы ауданына бағытталып отыр. Одан бөлек, жыл құстарының жолы саналатын аудандарға да қарастырылған.

«Енді 100 мың доза келді. Ал біз 1 миллион доза сұрағанбыз. Ол толық көлемде берілетін болады. Бірақ үлгермей жатыр", - деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Қожабергенов.

Бүгінгі күнге дейін құс тұмауы басқа аудандарда анықталмаған. Ветеринарлар жаппай таралу қаупі жоқ деп отыр. Алайда Қаратас ауылы 21 күн карантинге жабық болады. Осы уақыт аралығында құстардың жаппай қырылуы тіркелмесе, карантиндік шектеулер алынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.