Қазақстанда коронавируспен күреске 159 млрд теңге бөлінеді
Еліміздегі азаматтар пандемия кезінде медициналық көмекті тегін алады
ӘМСҚ қоры коронавирус және пневмониямен күреске 159 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді көздеп отыр. Яғни, қазақстандықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан, пандемия кезінде медициналық көмекті тегін алады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ӘМСҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты.
«Коронавирустық инфекцияны емдеуге байланысты ТМККК және МӘМС пакеттеріне өзгерістер енгізілді. Олар COVID-19 бар пациенттерге және оған күдік туындаған жағдайда үйдегі мобильді бригадалар мен стационарлардың қызметін ұсынады. Сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, барлық қазақстандықтарға ем-шаралар көрсетіледі. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ТМККК пакетінде «байланыста болған адамдарды, бактерия және вирус тасымалдаушыларды, инфекциялық ауруға күдікті адамдарды оқшаулау бойынша» қызметтер көзделген», - деді Төкежанов.
Бұл шаралар әсіресе, күзде инфекцияның өршу ықтималдығы жоғары уақытта өзекті.
«Қазіргі уақытта қор тарапынан коронавирус және пневмониямен күрес шараларына 159 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге – 50,5 млрд теңге, медицина қызметкерлеріне үстемеақыға – 91,9 млрд теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге – 4,2 млрд теңге, үйдегі стационарға қызмет көрсетуге – 0,4 млрд теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР-ға – 10 млрд теңге, мобильді бригадалар жұмысына – 2,4 млрд теңге бөлінді», - деп нақтылады басқарма төрағасы.
Осы жылдың наурыз-шілде айларында аталған қор ПТР-тестілеу, емдеу және мобильді бригадалардың жұмысына 36,9 млрд теңге төледі. Оның ішінде 5,6 млрд теңгеге 500 мыңға жуық ПТР-тест өткізілді.