$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.09.2020, 09:58
Жаңалықтар

Жамбыл облысының шеткері ауылдарын құм басу қаупі төніп тұр

Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 млн гектар жерін алып жатыр

Жамбыл облысының шеткері ауылдарын құм басу қаупі төніп тұр

Жамбыл облысында шеткері ауылдарды құм басуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір біраз елді мекендерге қарай құм жылжып келеді. Тіпті көшкіннің алды кейбір ауылдарға кіріп те үлгерген. Ауыл тұрғындары топырақты қолмен тазартып әлек. Көшкен құмның кесірінен жайылым да тарылып барады. Жергілікті жұрт ауыл үшін алаңдап құмды тежеуге жәрдем сұрап отыр.

«Бұрын мына жерде құм жоқ еді. Мына құм – желмен көшіп келген құм. Сондықтан жол да құммен жабылып қалды. Ғалымжан Өтеулиев те құмның қорлығын көріп отыр. Қазір оның қора-жайын басып, үйіне кіруге шақ тұр. Ауыл тұрғыны түбінде баспанам құмның астында қала ма деп қауіптенеді. Ол күн сайын үйіліп қалатын сырғыма құмды сыпырып тұруға мәжбүр», - деді Үшарал ауылының тұрғыны Кенжебек Оразәлиев.

«Құм көшкінінің жылдан-жылға биіктігі қорамен бірдей болды. Бастапқыда азырақ еді. Қазір  биіктігі осы жерден 3-4 метр болады», - дейді Үшарал ауылының тұрғыны Ғалымжан Өтеулиев.

Елді мекеннің күнбатыс беткейінен соққан жел сусылдаған құмды ауылға қарай суырып жатыр. Жұрт оны тоқтату үшін шеңгелден тоқып, қолдан тосқауыл жасаған. Алайда ол да жылдар өткен сайын тозып, құм біртіндеп ауылға қарай кіріп барады. Енді құм осылай көше беретін болса, мектепті басып қалуы мүмкін.  

Үшарал ауылындағы бұл проблема бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Ақыры жолдан өту қиындап, мектепті құм басатын болған соң 6 жыл бұрын тазарту жұмыстары жүргізілген. Желдің өтіне сексеуіл, жиде сияқты ағаштар отырғызылыпты. Құм біраз уақыт тоқтағанымен, араға жылдар салып қайта көше бастады. Құмның жылжығанын мамандар да растап отыр. Негізгі себеп – орман шаруашылығы қорындағы ағаштардың өртеніп, өскіннің азаюы дейді олар.

«Құмның көшетін жері – осы ауылдың маңайы. Себебі алдында ешқандай пана, төбелер жоқ. Құм ауыл іргесіне қарай жақындап келе жатыр. Оны тоқтату үшін майда бұталарды көп егу керек. Ағаштар егілсе, бұл құм тоқтайды», - дейді Ақкөл орман шаруашылығының испекторы Сымбат Бейсенов.

Ал орман шаруашылығының ардагері Пәрімбек Бейсенұлы «Құмның жиі жылжуына орман қоры жерлерінің игерілмей жатуы себеп» дейді. Өйткені орман жерлеріне шаруашылық малдарын кіргізуге рұқсат жоқ. Жазда мал жайылмаған жайылымдар күзге дейін қалың орманға айналады. Мұндай қураған қалың орманның басын өрт шалуы да оңай.

Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 млн гектар жерін алып жатыр. Мамандардың мәліметінше, 10 шақты жыл бұрын бұл орман қорының 90%-ға жуығы өртеніп кеткен. Биылдың өзінде от орман қорының 41 мың шаршы шақырымын шарпыған. Мамандар құмдағы орман қорын арттыру ісін қолға алу керек деп санайды. Бұл жағдай дер кезінде қолға алынбаса, құмдағы ауылдар экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары