Оралда құрылысы аяқталмаған нысандар адам өміріне қауіп төндіріп тұр

Ескертуді елемеген ғимарат иелерін әкімдік сотқа берген

Оралда құрылысы аяқталмаған нысандар адам өміріне қауіп төндіріп тұр
Фото: ашық дереккөзден

Оралда қаңырап бос қалған немесе құрылысы аяқталмаған нысандар шаһардың сәнін бұзып қана қоймай, адам өміріне де қауіп төндіріп тұр, деп хабарлады «Хабар 24».  

Ғимараттарға балалар жиі барады. Тұрғындар жеткіншектер жазатайым жағдайға ұшырай ма деп алдаңдаулы. Құрылыс жүргізушілерге бірнеше рет ескерту жасалса да, кейбіреуі тіпті, құлақ аспаған. Әкімдік бірнеше компанияны сотқа да берді.

Шаһардың шет аумақтарын айтпағанда, орталықтағы қала әкімдігінің дәл жанында құрылысы аяқталмаған 10 қабатты тұрғын үй қаңырап бос тұр. Құрылыс 5 жыл бұрын тоқтап қалды. Арнайы комиссия ғимараттың жеке білім беру мекемесіне тиесілі екенін анықтады. Меншік иесі ескертуді елемегендіктен, іс енді сотта қаралады. Қалада құрылысы ұзаққа созылып кеткен 24 нысан бар.

Қаладағы басты даңғыл бойындағы бұрынғы металл бөлшектер шығаратын зауыттың да қазіргі жағдайы аянышты. 2 жыл бұрын ғимараттың төбесі опырылып түсті. Меншік иесіне нысанды жөндеу немесе сүру туралы ұсыныс айтылған.

 «Зауыттың бір ғимараты «Ильяс и К» компаниясына тиесілі. Кәсіпорынның базасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Оларға ескерту хабарламасы жолданды. Алайда ешқандай нәтиже шығарған жоқ. Содан соң, істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдадық», - деді облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Бауыржан Сейітқали.

Ескертулерден соң, 11 нысанда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Ал 5 ғимараттың мәселесі сот арқылы шешіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.