Биыл мүгедектерді әлеуметтік қорғауға 435 млрд теңге бөлінген
Келесі жылы қаржыландыру 457 млрд теңгеге дейін өседі
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің онлайн отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін Үйлестіру кеңесінің 80% жаңартылған жаңа құрамы жиналды. Оған 40 адам кіреді, оның 43%-ы немесе 2/3 бөлігіөңірлік үйлестіру кеңестерінде сайланған мүгедектігі бар адамдар. Алғаш рет Үйлестіру кеңесінің 10 мүшесі немесе 25%-ы интернет-дауыс беру арқылы сайланды. Дауыс беруге 22 мыңнан астам адам қатысты. Бұл тиісті мәселеге қоғамның кең қызығушылығы барын тағы бір мәрте дәлелдеді», - деді Ералы Тоғжанов.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары, биыл Үкімет мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғауға 435 млрд теңге бөлгенін, келесі жылы қаржыландыру 457 млрд теңгеге дейін өсетінін атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстанда 705,5 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 430,4 мыңы немесе 61%-ы - еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Олардың тек төрттен бір бөлігі ғана жұмысқа тартылған, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ды құрайды.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейін жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесін 30%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Былтыр 16,3 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды, 2,2 мыңы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 1 236 грант және 672 микрокредит берілді», - деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Кеңес барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Негізгі жаңалық - Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның талаптарына сәйкес, «мүгедек» терминін «мүгедектігі бар адам» деп өзгерту.