Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ІІМ қызметкерлері жыл сайын он мыңнан астам адамды құтқарады
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция лейтенанты Ерасыл Мұрат пен полиция сержанты Бекзат Омашевқа жеделдік танытып, батылдық көрсеткені үшін алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерін марапаттау Нұр-Сұлтан қаласында Министрлік орталық аппаратының қызметтері мен бөліністері басшыларының қатысуымен өтті.
«Мыңдаған жас қызметкер күн сайын азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етуде. Оларға әр түрлі жағдайларда жұмыс істеуге тура келеді, олар атақ үшін емес, өзінің қызметтік және азаматтық борышына сәйкес батырлық әрекеттер жасайды. Сіздердің батыл істеріңіз осының дәлелі және барлық жеке құрамға үлгі», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
ІІМ қызметкерлері (құтқарушылар, полицейлер, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері) жыл сайын оттан, суға батудан, суицид әрекетінен және жазатайым оқиғалардан 10 мыңнан астам адамды құтқарады.
Айта кету керек, 8-қараша күні Қарағандыда полицейлер 9-қабаттан секірмек болған қызды құтқарды. Полиция мәліметінше, тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, көпқабатты үйдің шатырына көтерілген. Бұл кезде қыз балконның шетінде отырған. Полиция лейтенанты Ерасыл Мұрат уақыт ұту үшін қызбен сөйлесе бастаған. Осы кезде сержант Бекзат Омашев шатырдың шетіне жақын келіп, өз өмірін қатерге тігіп, балконның шетіне секірген.