Алматыдағы тиін бұзылатын болды
Алматыда Атакенттегі алып тиін бұзылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап
Бүгін арт нысанның «ертеңі» туралы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Эрнар Құрмашев айтты.
«Тиінді өртейміз деген шешім бар еді. Бірақ, өртемедік. Аудан әкіміне арт нысанды бұзу туралы тапсырма берілді. Жалпы жартылай қираған, эстетикалық түрін жоғалтқан барлық шағын архитектуралық пішіндер бұзылады. Бұл қала әкімінің тікелей тапсырмасы. Жақында көптеген арт нысандардың, кіші архитектуралық пішіндердің аудиті жасалды. Қаланың келбетіне нұқсан келтіретін нысандар суретке түсірілді», - деді Эрнар Құрмашев.
Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, алдағы уақытта қаладағы әрбір арт нысанды орнатарда көркемдік кеңес болады. Бұған дейін қала билігі Атакенттегі тиіннің түрі өзгеретінін хабарлаған болатын.