Бағдат Мусин шатырға шығып сабақ оқыған екі бала жайында пікір білдірді

Министр интернет сапасына байланысты мәселе барын жоққа шығармайды

Бағдат Мусин шатырға шығып сабақ оқыған екі бала жайында пікір білдірді
Фото: azh.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ОСК-да өткен брифингте әлеуметтік желілерде тараған фотосуреттегі екі баланың интернет сапасына байланысты үйдің шатырына шығып сабақ оқуына қатысты пікір білдірді.

«Желіде әлдебір елді мекенде интернет жоқ болғандықтан сабақ оқи алмай, үйдің төбесіне шығып оқып жатыр деген ақпарат тарады. Республика бойынша тұтастай интернет мәселесін шеше алмайтынымызды түсінеміз. Бірақ дәл осы жағдайға келсек, оқиға Ескене ауылында (Атырау облысы) болған. Ол жерде адам аз қоныстанған», - деді министр.

Министрдің айтуынша, Ескене ауылының оқушыларына қашықтан оқуға және дәстүрлі форматта оқуға таңдау берілген. Яғни, олар жақын маңдағы интернатта оқи алады. Алайда, бірнеше оқушы қашықтан білім алуды таңдаған. Ол ауылда бар-жоғы 20 үй тұрады. Дегенмен, бұл ауыл теміржол стансасына жақын орналасқан. Министр ауылға сол жақтан (теміржол стансасы) интернет тартып беретінін айтты.

Министрдің дерегі бойынша, республика бойынша 6 459 ауылды аймақ бар. Оның ішінде, 4 646-сы әртүрлі технологияларды қолдана отырып, интернетке қолжетімділік қамтамыз етілген. Бірақ олардың сапасы да әртүрлі. Қазақстандықтар сапасына қарай интернеттің 4 түрін пайдаланады.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Мақат ауданының Ескене және Таскескен ауылдарының тұрғындары жаңа оқу жылы қарсаңында интернет мәселесін шешу үшін жергілікті биліктің еш әрекет етпегенін айтып сынаған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.