Азаматтық авиация академиясы екі оттың ортасында қалып отыр ма?!

Автор: Azattyq Rýhy

Азаматтық авиация саласының ардагері Дмитрий Дүшімов Алматыдағы ұшқыш мамандар даярлайтын жоғары оқу орнын жабу мүмкін емес екенін айтады. Десе де сала маманы Азаматтық авиация академиясына қазір талас жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы бұрынғы ұшқыш Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді

Азаматтық авиация академиясында ұзақ жылдар студенттерге сабақ беріп, кадр дайындау ісіне араласқан Дмитрий Аббасұлы  ЖОО айналасындағы дау соңғы екі жылда өршіп тұр дейді. Оның айтуынша, академия 2018 жылы мамыр айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарамағына өткен. Министрлік оқу орнын еуропалық стандарттарға бейімдеп, сапалы мамандар даярлау ісінің жоспарын жасады. Алайда бүгін Білім және ғылым министрлігі білім орнында биыл 4-7 қараша аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта «Мамандар даярлау халықаралық талаптарға және азаматтық авиация саласындағы халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейді, тексеру қортындысымен «Азаматтық авиация академиясы» АҚ лицензиясы тоқтатылады немесе әкімшілік айыппұл салынады», - делінген. 

«Бұл болашаққа балта шабу деген сөз. Ол көп жыл Білім министрлігінің қарамағанда болды. Біз оқу орнын аталған министрліктің құрамынан  шығару үшін қаншама жыл күрестік. Сол 2018 жылы индустрия және даму  министрлігіне өтті ақыры. Енді сол Білім және ғылым министрлігі қазір оны өзіне қайта алудың шараларын қолына алып жатыр деп есептеймін. Академия халықаралық шарттарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Ал ішкі квалификациялық талаптарға сай емес дегені одан маңызды ма?! Сондықтан министрліктің кейбір талаптарын орынсыз деп ойлаймын», - дейді ардагер ұшқыш.

Академияны лицензиясынан айыру оны мүлдем жабу деген сөз. Мәселені былай шешуге болмайды. Оқу орнын қайта құрылымдау арқылы тығырықтан шығудың жолын айтып жүрміз. Ол үшін азаматтық авиация университетін құрып, жаңа факультеттер ашып, қажетті мамандарды даярлауды бастау керек, дейді авиация маманы.

«Тек қана ұшқыштар дайындаумен шектелмеу керек. Басқа да мамандарды даярлау керек. Әуе қозғалысын бақылайтын мамандар, инженерлер, техникалық пайдалану мамандары үшін жаңа факультеттер керек. Радиотехниктер, электриктер, әуежайға керекті түрлі менеджерлерді біздің елде оқытып жатқан жоқ. «Қазаэронавигация» мекемесі  шетелдіктермен бірігіп кейбір мамандықтар факультетін ашқан еді. Онда даярланған мамандар сыртқа кетіп жатыр. Одан бөлек қазір қолда бар мамандарды қайта даярлау, олардың білімін жетілдіру деген сияқты, ол да жоқ»,- дейді Дмитрий Дүшімов.

Академияны қайта құрылымдап, менеджментін толықтай өзгерткенде жақын шетелдерден келетін студенттерді ақылы түрде оқытып, қаражат табуға болады. Бюджетке қарамай, өзі қаржы тапса, өз мамандарымызды тегін оқытуға жол ашылады. Себебі көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда Алматыдағыдай азаматтық авиация академиясы жоқ. Пәкістан мен Үндістаннан да студенттер шақыруға болады. Себебі бұл екі мемлекеттің де ұшқыштар даярлайтын жоғарғы оқу орындары қалыптаспаған.   

«Сол сияқты өңірлердегі авация мамандарын даярлаудың оңай жолы бар. Әр облыстан кем дегенде  10 студентті  жергілікті әкімдіктердің қолдауымен Алматыдағы академияға іріктеп алу керек. Оларға атқарушы билік стипендия тағайындап, оқуын бітіргенше қолдап отырсын.  Оқуын бітірген соң дайын мамандар сол аймақтағы әуежайлар мен жергілікті азаматтық авиация үшін қызмет етуге қайтатын болады. Бұл өте оңтайлы бастама, көп қаржыны да талап етпейді», - дейді азаматтық авиация маманы. 

Қазір елде бірыңғай техникалық және кадрлық саясат жоқ. Әуежайларды акционерлік қоғамға айналдырып, ешкімге бағынбайтындай жүйеге көшірді. Олар жекеменшік дегенімен,  стратегиялық нысандар екенін естен шығармау керек. Әуе айлақтарынан  қандай мамандар қажеттігін жүйелеп, бірегей мамандар даярлау саясатын жолға қоятын уақыт жетті. Дмитрий Дүшімов осы айтылған бастамаларды Үкімет басшысының деңгейінде үлкен бір жиналыста талқылауды ұсынады. Қордаланған проблемаларды ішінен білетін ардагерлер де, орта буынды авиация мамандары да баршылық. Сол кезде Орта Азия аймағындағы жалғыз авиациялық жоғары оқу орнын аман сақтап қалуға болады, дейді саланың ардагері.

Ақпарат үшін: Қазақстан Азаматтық авиация  академиясы 1995 жылдан бері отандық авиация мамандарын дарлаумен айналысады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы 2009 жылы Қазақстандағы авиациялық қызметкерлерін даярлауда бірқатар сәйкессіздіктерді анықтады. Бұл сол жылы қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропалық Одақтың «қара тізіміне» ілінуіне себеп болған. Ал 2012 жылы академия қайта тексеруден өтіп, лицензиясы тоқтатылған. Бірақ ЖОО сот арқылы лицензиясын қайтарып алды. Енді Білім және ғылым министрлігі тағы да авиациялық оқу орнының жұмысын тоқтату туралы мәселе көтеріп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы