Алматыда аудандық соттың судьясы пара алғаны үшін сотталды
Судья Әбілқайыр жер телімінің шекарасын анықтауға байланысты азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдауы үшін делдал Рақышов арқылы 3 мың АҚШ долларын пара ретінде алды деген күдікке ілінді
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Әбілқайыр мен сол соттың хатшысы Рақышовқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне сілтеме жасап.
Әбілқайыр жер телімінің шекарасын анықтауға байланысты азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдауы үшін делдал Рақышов арқылы алдын-ала келісілген 10 мың АҚШ долларынан 3 мың АҚШ долларын пара ретінде алды деген күдікке ілінді.
Бұл факт сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесіп анықталды.
Ағымдағы жылдың 11 қарашасында Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Әбілқайырға 45 млн 459 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осы үкіммен Рақышовқа 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды.