Жақын арада жаңа станса атаулары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі деп жоспарланып отыр
Үкімет Қаулысымен осы уақытқа дейін 85 темір жол бекетінің атауы қазақшаға ауысқан. Дәлірек айтсақ, 15 стансаға жаңа атау берілсе, қалған 70 темір жол бекетінің транскрипциясы өзгертілген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің баспасөз хатшысы Дархан Кәрібаевтың сөзінше, 2020 жылы республикалық ономастикалық комиссия шешімімен тағы 71 теміржол стансасының атауы мен транскрипциясы өзгертіледі, - деп хабарлайды Қазақ радиосы.
Көп жағдайда теміржол бекеттерінің атауын өзгеру туралы ұсыныстарды ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар, бекет басшылары мен темір жол саласының ардагерлері жолдайды, дейі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ менеджері Светлана Горобец.
«2018 жылы теміржол саласының ардагерлері Жамбыл облысындағы «Луговая» теміржол бекетін - Түрксіб, «Весна» бекетін – Ақжолтай», ал Шығыс Қазақстан өңіріндегі «Зыряновскті» - Алтай стансасы деп өзгертуді ұсынды. Біріншісі әлемге әйгілі Түркістан – Сібір теміржолының құрылысына байланысты тарихи оқиғаларға негізделіп өзгертілсе, Әулиеата өңіріндегі «Весна» бекеті - өңірден шыққан Ағыбай батырдың есімімен аталатын болды. Себебі батырдың жорықтарда жолы болып, үнемі жеңіспен оралатындықтан оны ел «Ақжолтай» атап кеткен екен. Ал «Зыряновск» теміржол бекеті Алтай ауданының маңында орналасқандықтан - «Алтай» бекеті болып өзгертіледі», - дейді С.Горобец.
Көп кешікпей жаңа станса атаулары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі деп жоспарланған.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы бойынша 834 теміржол стансасы жұмыс істейді.