БҒМ ең алдымен Bilim Media Group жекеменшік компаниясының OnlineMektep жобасын таныстырды
Бүгін Нұр-Сұлтанда Bilim Media Group компаниясы жасап шығарған onlain-mektep жобасының таныстырылымы өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін кездесу ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) баспасөз қызметі алдағы апталарда Kundelik.kz, Daryn.online сияқты платформаларды да көрсетеміз деп уәде етті.
«Әзірге, білім және ғылым саласында оншақты жылға таяу уақыт тәжірибесі бар Bilim Media Group компаниясы өзінің OnlainMektep өнімін таныстырды. Бұрын электронды түрде білім беретін нарықта осыған ұқсас BilimLand атты қызметі бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық пен мектептегі пәндер бойынша қосымша білім беріп келген компания 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында жаңадан Onlain Mektep жобасын жасаған. Себебі, коронавирус пандемиясына байланысты оқушылар қашықтан оқуға ауысқан болатын. Сол кезде компания өкілдерінің ақпаратына сенсек, 42 пән бойынша қазақ және орыс тілдерінде үш мыңнан аса сабақ, оның ішінде, 2500 бейнесабақ жасалған. «2020 жылдың 6 сәуірі мен 22 мамыры аралығында BilimLand платформасына 3 191 090 қолданушы кіріп, платофрма бойынша қаралым 73 939 387-ге жетті», - дейді Bilim Media Group компаниясының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы.
Төртінші тоқсан аяқтала сала, компания коронавирус инфекциясына қатысты болжамдарды ескере отырып, BilimLand платформасын жетілдіре отырып, OnlineMektep платформасын жасап шығарған. Бүгін БҒМ-ның шақыруымен келген журналистер алдында олар (Bilim Media Group) осы жобаны таныстырды. 2020-2021 жылғы оқу жылының І тоқсанына орай, компания 42 пән бойынша 5700 сабақ дайындаған. Қазір олардың платформасын Қазақстан бойынша 3600-ден аса мектеп пайдаланады. Яғни, осынша мектептің ұстаздары оқушыларға ZOOM емес, WhatsApp емес, onlain-mektep арқылы сабақ беріп отыр.
«Осы жобаны жасау үшін айына шамамен 110 млн теңге саламыз. Өз қаражатымыздан. Маусым, шілде, тамыз, міне, қыркүйек айын қосқандағы құнын есептеп алсаңыз болады. Ал мектеп үшін платформаны пайдаланудың құны – бір мектеп 2 тоқсанға 173 мың теңге төлейді. Орташа есеппен, әрбір пайдаланушыдан 111 теңге алынады», - дейді Bilim Media Group компаниясының атқарушы директоры.
Ал басқа платформаларға қатысты сұрақ қойған журналистермен әңгімелесе отырып, Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осы аптаның ішінде министр Асхат Аймағамбетов білім беретін платформаларға қатысты брифинг өткізетінін хабарлады.
Айта кетейік, бірінші қыркүйек күні халыққа жолдау жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде қашықтан білім беретін бір платформа жасап шығаруды тапсырған болатын.