Қазақстанда салықтық рақымшылық жыл соңына дейін жалғасады
Қазірдің өзінде 31400-ге жуық қазақстандық салықтық рақымшылыққа іліккен
Қазақстанда 64 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде 31400-ге жуық қазақстандық салықтық рақымшылыққа іліккен. Олар 295,3 миллион теңге төлеп, өсімпұлдан құтылған.
Жалпы, биыл бюджетке 12,7 млрд теңге көлемінде салық төлейтін 1 млн 200 мың азаматтың 4,3 млрд теңгеге жуық өсімпұлы автоматты түрде есептен шығарылуы тиіс. Бүгінге дейін 10 мыңнан аса елордалық осындай мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Енді тізімді Алматы қаласы мен Түркістан облысы жалғайды. Ал есептен шығарылған өсімпұл көлемі бойынша Алматы көш бастап тұр. Мұнда 17,7 млн теңге көлеміндегі өсімпұл жойылған.
Салықтық рақымшылық 31 желтоқсанға дейін жалғасатынын еске саламыз.