Шарын мен Алтын Емелде экотуризмді дамытатын инвесторға таңдау жүреді

Оған қоғам белсенділері қатысады   

Шарын мен Алтын Емелде экотуризмді дамытатын инвесторға таңдау жүреді
Коллаж: Жанар Жұмабекова

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысындағы ұлттық табиғи парктер аумағындағы экотуризмді дамытуға шындап кірісті. Бүгін миистрлік өкілдері мен жергілікті ұлттық парк өкілдері «Шарын» мен «Алтын Емел» аумағында алдағы 5 жылда атқарылатын туристік жобаларды қоғам назарына ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Негізгі төрт табиғи ұлттық паркте экологиялық туризмді дамыту бойынша тұжырымдамалар әзірленіп жатыр. Бүгін министрлік өкілдері «Алтын Емел» ұлттық табиғи паркінде қолға алынатын жұмыстардың жоспарын ұсынды. «Іле Алатау», «Шарын» ұлттық парктері бойынша Қоғамдық кеңес құрылған болатын. «Алтын Емелде» жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес те жақында жұмыс істейтін болады. Ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс жобалар ашық болу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қоғам белсенділерін, табиғат жанашырларын және жергілікті халықтың өкілдері мен туристік компания басшыларын осы іске барынша қатыстыратынын айтып отыр.

Суретте: Қоғамдық кеңес отырысы

«Қоғамдық кеңесті бекер құрып отырған жоқпыз. Біріншіден, ұлттық парктерде атқарылатын жұмыстар жариялы түрде жүреді, халықтан жасыратын ештеңе жоқ. Екіншіден, экотуризмге байланысты барлық ұсыныстарды осы Қоғамдық кеңес аясында талқылап барып, қабылдайтын боламыз. Үшіншіден, парктердегі жобаларды жүзеге асыратын компанияларды таңдау конкурсына да қоғамдық кеңес мүшелері қатысатын болады. Бұл өте маңызды. Сіздер экотуризмді дамытуға келетін ең таңдаулы деген инвесторды іріктеуге атсалыса аласыздар. Оған дейін тұжырымдамалар пысықталады. Сосын көп ұзамай конкурстың өтетін мерзімі туралы қосымша хабарланатын болады»,- дейді Ерлан Нысанбаев

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық парктер аумағындағы экотуризмді дамытатын компания жалғыз болады. Байқауға түскен инвесторлардың тек біреуі ғана таңдап алынып, оған барлық жобалар жүктеледі. Ол өзіне қажетті шағын мекемелерді қоластына алып жұмыс істетсе болады. Бірақ мемлекет тек бір ірі инвесторға жауапкершілікті жүктеуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстың тиянақты әрі жүйелі болуына ықпал етеді. Министрлік өкілі былтыр 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын атап өтті. 

«Қазақстан экотуризмді ұлттық парктерде АҚШ тәжірибесі негізінде дамытпақ. Яғни, мұнда туристiк маршруттар мен соқпақ жолдарды салуға көбірек күш салынады. Сонымен бірге заманауи визит-орталықтар, глэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Сонда парк аумағында түбегейлі үлкен құрылыс жүрмейд»,- дейді  Е. Нысанбаев.

Экотуризм жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Ұлттық парк аумағында орналасқан елдімекендер, аудан орталықтары үшін салықтық түсім, жұмыс орны және көшіп кеткен халықтың туған жеріне оралу процесі байқалатын болады.

«Экологиялық туризмнің үлкен артықшылығы – жергілікті халықтың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына әсер етеді. Мен бір ғана мысал айтайын. Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылы «Көлсай көлдері» маңында орналасқан. Осыдан он жыл бұрын мұнда 1 мың тұрғын болса, биыл онда тұрғылықты халықтың саны 1 мың 600 адамға артқан. Ауыл халқы бұрнағы жылдары 2 млн теңге салық төлесе, биыл салық мөлшері 5 млн теңгеге жеткен. Ал он жыл бұрын Көлсайда 60 кәсіпкерлік субьект туристерге қызмет көрсетіп келсе, ол биыл 120-ға дейін көбейіпті. Міне, экотуризмнің потенциалы осы жағынан да тиімді болып отыр»,- дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары.

Қоғамдық кеңес мүшелері Ұлттық табиғи парктер аумағындағы табиғи ландшафтқа тиіспей, аң-құстардың популяциясына кері әсері болмайтындай жоба жасау маңызды екенін ескертті. Салалық минстрлік өкілдері  негізгі төрт ұлттық паркте де осы жағы ескеріледі дегенге сендіреді. Бүгін ұсынылған «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тұжырымдамасында 5 жылдық жоспар құрылған.

«Дәл қазір экотуризм үшін 307 мың гектар жердің 12 мың гектары бөлінген. Айғайқұм, Сақ хандарының қорғаны сияқты тарихи жерлерімен әйгілі мекенге  2019 жылы 18 мың турист келген. Туризм есебінен бюджетке 28 млн теңге түскен. Тұжырымдама авторлары 2025 жылға дейін экотуризмнің жаңа инфрақұрылымы дамығанда, барлық көрсеткіштер еселенетініне сенімді. Ол кезде 250 жұмыс орны, туристерден түсетін табыс 85 млн теңге, ал туристер саны 75 мың адамға дейін артады»,- деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Мұратов.

«Алтын Емел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты реттеп, түзеу жоспарланған. «Шыған» бақылау өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этноауыл салынады. Келушілер үшін келесі тоқтайтын жер – Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғалмалы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс қолайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Ары қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәдени нысан – Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, демалып отыратын жерлер болады. Бұдан бөлек, жабайы жануарларды тамашалау үшін көру алаңы салынбақ. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.