Елорда әкімі Президенттің Жолдауы бойынша әкімдік жұмысының бағыттарын атап өтті
Әкімнің айтуынша, елордада биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп салынады

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша актив жиынын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Биыл мемлекеттік аппарат штаты 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқарады. Қысқарту цифрландыру мен мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды ескере отырып жүзеге асырылады. «Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін учаскелік полиция қызметкерлерінің саны 224-ке көбейеді, 40-тан астам учаскелік пункттер ашамыз. Жергілікті бюджетті оңтайландыру 36 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. Үнемделген қаражат маңызды салаларға бағытталды: экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымды дамыту – 26 миллиард теңге, әлеуметтік салаға – 10 миллиард теңгеден астам. Жыл соңына дейін біз бірқатар басқа кәсіпорындарды оңтайландыруды және нысандарды сенімгерлік басқаруға беруді жүзеге асырамыз»,- деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Айта кетсек, елордада биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп -12 білім беру мекемесі салынады. Қазірдің өзінде олардың алтауы ашылған. Бұл жұмыс алдағы жылдарда да жалғасын табады – 2021 жылы 20 мың оқушыға арналған тағы 12 мектеп салынып, пайдалануға берілмек.