Облыста жолдағы кемшіліктерді анықтау мақсатында 890 тексеріс жүргізілді
Көлік апатына жүргізуші ғана емес, жолдың сапасы да себеп. Мұны шығысқазақстандық полиция қызметкерлері айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Мәселен, жөнделген жолдың көп өтпей ойқы-шойқы болып қалатыны рас. Шұңқырлар уақытылы бітелмейді, кәріз құдығы ашық жатса, ол да дер кезінде жабылмайды. Аймақта осындай кемшілікті анықтауға қатысты 890 тексеріс жүргізілді. Жолдың сапасына жауапты 127 басшы әкімшілік жауапқа тартылды.
«Жол қозғалысы туралы заң талаптарына сай жөнделген жолдың сапасы мен ондағы құрылғылардың талапқа сай орналасуына сол жолдың иелері жауапты. Сондықтан жол бойын дұрыс ұстамай, салғырттыққа жол берген мекеме басшыларына 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл сомасы кәсіпкерлік субъектісі мен лауазымды тұлғаның мәртебесіне қарай өзгереді», - дейді ПБ басшысы Сағат Мәдиев.