Кәсіпорынның жоспарланған қуаты – жылына 500 мың өнім
Атырауда газ-химия кешені құрылысының жобасы іске асырудың белсенді кезеңіне өтті. Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша, жалпы прогресс - 74%, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Жобаны пайдалануға беру Қазақстанның мұнай-химия саласын жаңа деңгейге көтеруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Интеграцияланған газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңі полипропилен өндірумен байланысты. Кәсіпорынның жоспарланған қуаты – жылына 500 мың өнім. Бүгінде жоба белсенді іске асырылу сатысында, болашақта мамандар өндіріс процесін толығымен автоматтандыруды жоспарлап отыр.
«Бізде зауыттың өзі туралы тұжырымдама-шикізатты қабылдаудан бастап өнімді тиеп-жөнелтуге дейін толығымен цифрландырылуға тиіс. Цифрландыру бірінші орында тұр. Бірінші кезең бойынша құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарлануда, ал 2022 жылы полипропилен өндіру зауыты жобалық қуаттылыққа шығады»,- дейді «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» Басқарма төрағасының технология және өндіріс жөніндегі орынбасары Денис Козырев.
«Бүгінгі таңда жоба кестесі бойынша ілгерілеу 74,23% - ды құрайды. Құрылысты 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Өндірісті іске қосқаннан кейін Қазақстанда сатудан басқа, өнімнің бір бөлігі Түркияға, Батыс және Орталық Еуропа елдеріне, ТМД-ға экспортталатын болады»,- деді «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС жоба бойынша басқарушы директоры Дамир Әшімов.
Естеріңізге сала кетейік, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» құрылыс жобасын жүзеге асыратын «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда Қор компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сенімді басқаруына берді.