Биыл Ақмола облысында киік саны көбейген – Қорғалжын қорығынан фоторепортаж

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында киік саны 70 мыңға жетті

Фото: Нұрдәулет Әбікеев

Биыл Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығындағы киіктер саны үш есеге артқан. Ал жалпы Ақмола облысындағы бөкендер 70 мыңға жеткен. Бұл жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз турында айтылды. 

«Биыл Ақмола облысында киік саны 70 мыңға жетті. Бір қуантатыны бұл сан да өсіп жатыр. Киіктер екіден, үштен төлдеді. Бірақ күзде санақ жасап, мониторинг жасаймыз. Табиғи өлімді ескергеннің өзінде, 20-30%-ға тағы өскен шығар деп болжап отырмыз», - деді «Охотзоопром» кәсіпорны орталық аймақтық өңірлік филиалы басшысының м.а. Айбек Әліпбай. 

Бұған мемлекеттік қауіпсіздік шараларын күшейту және инспекторлардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары әсерін тигізген. Браконьерлік үшін жазаны 12 жылға дейін күшейту заңы күшіне енген соң, қылмысқа баратындар саны азайған көрінеді. 

«Осы жылы Орталық өңірлік филиал бойынша 5 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Үш адам ұсталды. Барлығы екі киік атылған. Қостанай бойынша бір браконьерді бір жылдай аңдыдық. Заңның қаталдығы, жұмыстың күшейтілуі браконьерлердің қолын байлап отыр», - деп айтты Айбек Әліпбай. 

Қазір қорықшылардың техникасы мен қару-жарағы бұрынғыдан сапалырақ. 

«Бұрын біздің техникамыз нашар еді. УАЗ мінетінбіз. Ал олар «Toйoтa-100» көлігімен шығады, қосымша амортизаторлар орнатып, жылдамдықты арттырады. Дайындығы күшті. Қазір біз де «Тойота» айдаймыз, автопарк 2014 жылдан жаңара бастады. Әрбір инспекторда оқ өткізбейтін көкірекше, пулемет, карабин немесе тапанша бар. Вахталық әдіспен 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаламыз. Браконьер ұстаған жағдайда жалақының 150%-ы көлемінде бонус аламыз», - деді бұл жайында «Охотзоопром» кәсіпорны Ақмола облысы бойынша инспекторлар тобының басшысы Достай Нұрбеков. 

Айта кету керек, жыл басынан бері Қазақстанда ұсталған браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1245 киіктің мүйізі, сондай-ақ 5 қарақұйрық пен 2 ителгі тәркіленген. Аталған аң-құстың бәрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Баспасөз туры барысында қорықшылар жолдың сапасы мәселесін де көтерді. Тегіс жол төселмесе, жаңбырлы күндері туристер киіктер мен Қорғалжынның символына айналған қоқиқаздарды тамашалауға бара алмайды. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан