Ұсыныс Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі
Тараздағы спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру қарастырылуда. «Тараз-Арена» спорт кешеніне белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру ұсынылды.
Жамбыл облысы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен ұсынысы мәслихаттың кезектен тыс отырысында мақұлданды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жақсылық Үшкемпіровтің отандық күрес мектебінің қалыптасуы мен дамуына, қазақстандық спорттың жоғары деңгейге көтерілуіне қосқан үлесін атап өтіп, халық қалаулыларына бұл бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтты.
Қайта атау жөніндегі ұсыныс Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР Жамбыл облысы Свердлов ауданы (Байзақ ауданы) «Чапаев» кеңшарында (қазіргі Тегістік ауылы) дүниеге келген. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы 2020 жылы 2 тамызда қайтыс болды.
Ол грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медаль иеленген, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР-і еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
2019 жылы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы «Жақсылық» көркем фильмі түсірілді. Үшкемпіровтің жасөспірім және бозбала шағын Эльнар Назаркул мен Сануржан Сүлейменов, ал 60 жастағы кезін Досжан Жанботаев сомдады.