Оқиға республикалық маңызы бар «Алматы — Өскемен» автожолының 557-шақырымында болған
Жетісу облысында патрульдік полиция қызметкерлері халықаралық бағытта жүк тасымалдап бара жатқан көлікті ірі өрттен аман алып қалды. Оқиға республикалық маңызы бар «Алматы — Өскемен» автожолының 557-шақырымында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызметтік патрульдеу кезінде полицейлер трасса бойымен келе жатқан жүк көлігінің тіркемесінен қою түтін шығып, жалын тұтана бастағанын байқаған. Анықталғандай, Қытайдан Әзербайжанға бағыт алған көлікті Әзербайжан азаматы басқарған.
Тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, жүргізушімен бірге өртті сөндіруге кіріскен. Олар қолда бар өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, жалынның жүк бөлігі мен көлік кабинасына таралуына жол бермеді. Нәтижесінде жүргізуші де, тасымалданып бара жатқан жүк те аман қалды.
Полиция департаменті алыс сапарға шығатын жүргізушілерге жолға шықпас бұрын көліктің техникалық жағдайы мен электр жүйесін мұқият тексеруді, сондай-ақ салонда жарамды өрт сөндіргіштің болуын қадағалауды ескертті.