Алматыдағы екі жылу электр орталығын жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын: Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс барысын тексерді
Жоба аясында құрылыс алаңына 1 300 маман мен 83 бірлік техника жұмылдырылған
Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, мегаполистегі 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО нысандарын жаңғырту барысын тексерді. Сапар кезінде жобаларды уақытылы аяқтау, қаланы энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және экологиялық жүктемені азайту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматыдағы 2-ЖЭО-ны табиғи газға көшіру жобасы 97% аяқталған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі бітіп, қазір жабдықтарды іске қосу және баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба аясында құрылыс алаңына 1 300 маман мен 83 бірлік техника жұмылдырылған. Бекітілген кестеге сәйкес, жаңа жабдықтар 25 желтоқсанға дейін толық іске қосылады. Ал нысанды жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Алматыдағы 3-ЖЭО-ны заманауи бу-газ қондырғыларын орнату арқылы реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба толық іске асқаннан кейін стансаның электр қуаты 543,6 МВт-қа жетеді деп жоспарланған. Қазір құрылыс алаңында 1 050 маман мен 79 техника жұмылдырылған.
Екінші энергия блогының құрылысын бастау кезінде бірқатар техникалық қиындық туындаған. Атап айтқанда, топырақтың инженерлік-геологиялық ерекшеліктері мен ескі қондырғыларды бөлшектеу жұмыстарының күрделілігі құрылыс барысына әсер еткен.
Бұл факторлар құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел бастауға кедергі келтіруде. Нұрлыбек Нәлібаев анықталған техникалық мәселелерді жедел шешіп, бекітілген кестеден кешікпеуді тапсырды.
«Алматы тұрғындары үшін айрықша маңызы бар жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бақылауында. Сондықтан жұмыс барысын қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
