Студенттер қатысқан іс-шара мағыналы өтті
Шымкент университетінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында студент жастардың прокуратура, әкімдік және Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен кездесу іс-шарасы өтті. Жиында заңдылықты сақтау, азаматтық ұстанымды қалыптастыру және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Құқық қорғау органы мен әкімдік өкілдерімен кездесуге болашақ педагогтер, заңгерлер қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында заң мен тәртіп мәселесінің көтерілуі де ерекше мәнге ие. Өйткені қалада, мекеме аумағында және өз ауласында тазалық сақтау жұмыстары адамның ой тазалығын, айналасына жанашырлықпен қарауын, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге деген ниетін де білдіреді. Прокурорлардың айтуынша, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған.
Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаны абаттандыруды ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Туған жерге ұқыпты қарау, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстау және заң талаптарын құрметтеу бір-бірімен тығыз байланысты құндылықтар. Әсіресе болашақ ұстаздар мен заңгерлердің бұл үдерісте белсенділік танытуы өскелең буынға үлгі болу тұрғысынан маңызды.
Кездесу барысында құқықтық сауаттылықты арттыру мен заңсыз әрекеттердің жолын кесуге баса назар аударылды.
«Жастарға құқық бұзушылық фактілеріне тап болса, полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажеттігін үнемі түсіндіремін. Қазір буллинг, дропперлік, алаяқтық мәселелері жиі айтылады. Жасөспірімдер де осындай заңсыз әрекеттерге тап болып жатады. Сондықтан мұндай фактілерді жасырып қалмай, хабарлау арқылы азаматтық ұстаным таныту қажет. Қылмыстық әрекеттердің таралуына жол бермеу үшін құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру маңызды», – деді Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрислам Сламбекұлы.
Кездесуде көтерілген мәселелер студенттердің қызығушылығын тудырды. Сол себепті де жиын бірден еркін пікір алмасу форматында жалғасып, жастар өз ойларын ортаға салды. Студенттер қоғамдағы өзекті жайттарға қатысты көзқарастарын білдіріп, мамандарға сұрақтарын қойды. Мұндай ашық диалогтар жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып, заң мен тәртіпке негізделген орта қалыптастыруға септігін тигізеді.