Оларға заңгерлер кеңес беріп, өртеніп кеткен құжаттарын түгендеп жатыр
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Алматының Бостандық ауданындағы жер үй өртеніп, бес адам қаза тапқан еді. Оның біреуі - бала. Әзірге әкімдік олардың қандай да бір туыстық қатынасы бар-жоғын растамады. Бірақ, сол үйдің маңындағы үйлері өртенген 9 адамның қазір қонақ үйде екенін мәлімдеді. Яғни, оларды әкімдік қонақ үйге апарған. Оларға заңгерлер көмек беріп, жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету шаралары оқиғадан кейін бірден қолға алынған. Сонымен қатар аудан әкімдігі марқұмдарды жерлеу рәсімін діни қызмет өкілдерімен бірлесіп ұйымдастыруды өз мойнына алған.
Қазір оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, зардап шеккен отбасылардың шұғыл мәселелерін шешуге күш салып жатыр.
«Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасылар үшін қиын кезеңде оларды жалғыз қалдырмаймыз. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп хабарлады Бостандық ауданының әкімдігі.
Сондай-ақ көмекке мұқтаж тұрғындар Алматы әкімдігінің бірыңғай байланыс орталығы, яғни, Open Almaty-ға 109 нөміріне хабарласа алады. Орталық демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді.
Айта кетейік, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық қорғау органдары өрттің шығу себебі мен қайғылы жағдайдың өзге де мән-жайын анықтап жатыр.