Қазақстанда сталкинг пен спайкинг үшін жазаны күшейту ұсынылды
Депутаттың айтуынша, 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгенімен, құқық қолдану тәжірибесі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр
Қазақстанда адамды заңсыз қудалау (сталкинг) және оның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу (спайкинг) әрекеттеріне қатысты заңнаманы жетілдіру ұсынылды. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айжан Аймағанова осы мәселелер бойынша Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгенімен, құқық қолдану тәжірибесі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін Қазақстанда сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған.
«Қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін көзделген ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу. Алайда қудалау әрекеті бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, әлеуметтік желілер арқылы мазалау сияқты түрлі сипатта жалғасуы мүмкін. Әсіресе, құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қудалаудың тоқтамауы жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатерді күшейтеді. Бұл мәселенің өзектілігін азаматтардың өздері де көтеріп отыр. Биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау жөнінде петиция жарияланды», – деді депутат.
Депутат көтерген екінші мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе басқа жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті.
Айжан Аймағанованың сөзінше, мұндай әрекет адамның өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айыруы мүмкін. Ал бұл жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және басқа да қылмыстарға жол ашуы ықтимал.
Депутат қазіргі заңнамада спайкинг әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмегенін айтты.
«Менің ойымша, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс», – деді Аймағанова.
Осыған байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне бірқатар ұсыныс айтты.
Сталкинг бойынша:
- Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне, соның ішінде жүйелі қудалау фактілерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептеріне талдау жүргізуді;
- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізуді;
Спайкинг бойынша:
- Криминология саласының мамандарынмен бірлесіп спайкинг мәселесін жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау.
- Спайкингті жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеуді;
- Зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қою;
