Мәдениет мамандарына грант және Астанадағы мектептерге түсетін жүктеме: «Қазақконцерттегі» кездесуде не айтылды
Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұжымымен кездесті. Кездесуде мәдениет саласына маман даярлау, елорда мектептеріндегі орын тапшылығы және тұрғындардың өтініштерін мәслихатта көтеру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесуге партияның «Өркен» аумақтық филиалының төрағасы Есенбек Серкебаев және партиялық тізім бойынша Астана мәслихатының депутаттығына кандидаттар Абай Құрманқұлов пен Олжас Сыдықбек қатысты.
Абай Құрманқұлов мәдениет саласындағы мамандардың білімін жалғастыру мүмкіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, магистратура мен докторантураға бөлінетін гранттар салаға қажетті кадрларды даярлауға ықпал етеді.
«Бұрын мәдениет саласы бойынша магистратураға небәрі 3–5 орын ғана бөлінетін. Қазір жүздеген орын беріліп отыр. Докторантураға да гранттар бөлініп, бұл мәдениет саласына тікелей септігін тигізіп жатыр», — деді Абай Құрманқұлов.
Олжас Сыдықбек халық саны өскен сайын мектептерге, балабақшаларға және ауруханаларға түсетін жүктеме артып отырғанын айтты. Ол келтірген деректерге сүйенсек, үш жыл бұрын Астанада шамамен 8,5 мың оқушы мектеп бітірсе, сол жылдың күзінде бірінші сыныпқа 24 мың бала қабылданған. Былтыр бірінші сыныпқа 26 мың бала барса, биыл олардың саны 33 мыңға жеткен.
Сыдықбектің айтуынша, үш жыл бұрын елордада 25 мектеп, ал былтыр тағы 15 мектеп пайдалануға берілген. Дегенмен кейбір мектептерде үш ауысымды оқу сақталып отыр. Кандидат тұрғындарды толғандыратын осындай мәселелерді тиісті органдарға жеткізуде мәслихаттың рөлі маңызды екенін атап өтті.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
