Шымкентте жасөспірім қыздарға қатысты зорлық-зомбылық көбейген: жағдай қалай бақылауға алынады
Комиссия отырысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық деректерінің өсуі талқыланды
Шымкент қаласында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Олар – көпбалалы және жалғызбасты аналарды әлеуметтік қолдау тетіктері, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқанын өткізу және мегаполистің бес ауданында отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы талқыланды.
Жиынға қатысушылар салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының өзекті статистикалық мәліметтерін қарастырып, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын талқылады. Отырыс барысында атап өтілгендей, Шымкенттің әр ауданындағы әлеуметтік жағдай өзіндік ерекшеліктерге ие. Сондықтан әрқайсысына жеке көзқарас пен нақты шешімдер қажет.

«Шымкенттің бес ауданының әрқайсысында жеке комиссия жұмыс істейді. Әр ауданның өзіндік түйткілді мәселелері бар. Мәселен, Әл-Фараби ауданында жоғары оқу орындары мен студенттер көп шоғырланғандықтан, мұнда жастар саясатына басымдық беріледі. Абай ауданында жеке сектор басым. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мектептерге апаратын жолдардың қауіпсіздігі және көшелерді жарықтандыру мәселелері өзекті. Аудандарда жаңадан қосылған тұрғын алаптарды ескерсек, мұнда балалардың қажеттіліктері толық қамтамасыз етілуіне тұрақты бақылау жүргізу маңызды», – деді қалалық комиссия төрағасының орынбасары, «Inter Press Shymkent» халықаралық тіл орталығының директоры Ардақжан Жәкенова.
Жиын барысында құқық қорғау органдары ұсынған алаңдатарлық статистикаға да ерекше назар аударылды. Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің мәліметінше, қалада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен мектеп оқушы қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының көрсеткіші өсіп отыр.⠀

Жиында айтылған барлық статистикалық мәлімет комиссияның тиісті бағыттарына жолданды. Алдағы екі аптадан кейін, желтоқсан айында жұмыс топтары қайта бас қосып, нақты іс-қимыл алгоритмін бекітеді.
Жалпы, комиссия отырыстары екі айда бір рет өткізіледі. Ал, аралық кезеңде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша тақырыптық жұмыс топтары қызмет атқарады. 2026 жылдың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде жастарды профилактикалық медициналық скринингтермен қамту деңгейінің артқанын атап өткен жөн. Айталық, бұл көрсеткіш 70 пайыздан 99 пайызға жуықтаған.
⠀⠀
«Отырыста айтылған кемшіліктерді ескере отырып, әлеуметтік қолдаудың нақты шараларын, соның ішінде асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмекті жалғастыру қажет. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін Полиция департаменті аудан әкімдіктерімен және тиісті басқармалармен бірлесіп профилактикалық рейдтер ұйымдастыруы тиіс. Ал, Білім басқармасы білім беру ұйымдарындағы алдын алу жұмыстарын күшейтуі қажет. Барлық жоғары оқу орындары бекітілген жоспарға сәйкес, іс-шараларды уақтылы әрі сапалы орындап, қорытынды ақпаратты комиссияға ұсынуы керек», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбек.
Ардақжан Жәкенованың айтуынша, комиссия формалды есеп берумен шектелмейтін, кеңес беру және бақылау функцияларын қатар атқаратын орган ретінде жұмыс істейді. Осыған байланысты отырыс барысында комиссия мүшелері аудан әкімдіктерін әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешуге шақырды.
