Атырауда бір топ журналист Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегерлері атанды
Бұл сыйлық облыс әкімдігінің сыйлығы
Биыл қазақ журналистикасының негізін қалаушы, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосовтың туғанына 105 жыл. Осыған орай өңірде Тауман Амандосов атындағы облыс әкімінің сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мақсаты – өңірлік журналистиканы дамытуға үлес қосып жүрген журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау, кәсіби еңбектерін бағалау және жас журналистерге қолдау көрсету.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік бұқаралық ақпарат құралы» аталымында «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газеті топ жарды. «Ақпарат айнасы» номинациясы «Дендер» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Саламат Базарбаевқа бұйырды. Ал «Үздік жас журналист» аталымында «24KZ» телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Асланбек Шығыр үздік деп танылды.


«Байқауға 40-тан астам өтінім түсті. Барлық жұмыс арнайы комиссияның сараптауынан өтті. Тауман Амандосов атындағы байқау өңірлік журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары мен сала мамандарын қолдауға бағытталған», – деді Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова.
Айта кетейік, Тауман Амандосов – қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесін зерттеп, отандық журналистиканың ғылыми мектебінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Қазақстан мен Орта Азиядағы журналистика мамандығы бойынша тұңғыш ғылым докторы атанған ғалымның мол мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
