«Әділет» партиясы өңірде 6 мәдени нысан салады
Сонымен қатар партия Жетісу өңірінде 16 мәдениет нысанын жөндеуге мұрындық болмақ
2031 жылға дейін «Әділет» партиясы Жетісу өңірінде 6 мәдениет нысанын салып, 16 мәдениет нысанын жөндеуге мұрындық болмақ. Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымымен кездескен «Әділет» партиясының Жетісу облыстық мәслихатының кандидаттары Анел Капекова, Қуаныш Сайлаубай және Ляйла Сембаева осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Әділет» партиясына сілтеме жасап.
Кезекті агитациялық кездесу барысында кандидаттар 2026–2031 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырды. Мінберге алғаш көтерілген Анел Капекованың айтуынша, сайлауалды бағдарлама партияның республикалық сайлауалды бағдарламасындағы тоғыз негізгі мақсатты облыстың ерекшеліктері мен басымдықтарын ескере отырып жүйелі түрде іске асыруға бағытталған.
«Жетісу облысы тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй, сенімді коммуналдық қызметтер, сапалы ауызсу мен жол, тұрақты интернет, медициналық көмек пен сапалы білім, жаңа жұмыс орындары, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау маңызды. «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы осы мәселелерді шешуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», - деді спикер.
«Әділет» партиясынан Жетісу облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Қуаныш Сайлаубай сайлауалды бағдарламадағы негізгі міндеттерді таразылады. Партия халықтың этномәдени алуандығын ескере отырып, мәдениетаралық сыйластықты нығайту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мәдени игіліктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.
«Біз өңірде креативті хабтар мен комьюнити-орталықтарды қоса алғанда, жастардың мәдени, шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған заманауи кеңістіктер құрамыз», - деді спикер.
Кездесу соңында қос тарап еркін пікір алмасып, алдағы саяси науқанда белсенділік танытуға уағдаласты.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
