Қарағандыда төрт көлік соқтығысып, екі жүргізуші ауруханаға түсті
Жол-көлік оқиғасы кеше, 21 қараша күні сағат 16:04 шамасында болған
Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау даңғылында бірнеше автокөліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан зардап шеккен екі жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше, 21 қараша күні сағат 16:04 шамасында болған. Бұқар жырау даңғылында төрт автокөлік – Lada Priora, Chery, Kia Optima және Chevrolet Aveo соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Lada Priora және Chery маркалы көліктердің жүргізушілері түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Мәліметтерге сәйкес, апатқа бес көлікке дейін ілігуі мүмкін. Кадрлардан күміс түсті Lada Priora автокөлігінің жолақты күрт ауыстырып, алдымен қызыл түсті Chery Tiggo 4 көлігіне соғылғаны, кейін инерциямен қозғалысын жалғастырып, жол бойындағы өзге де машиналарды зақымдағаны көрінеді.
Аталған дерек полицияда ресми түрде тіркелді. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен нақты себептерін анықтап жатыр.
