Оның ішінде 190 келі марихуана, шамамен 13 келі синтетикалық есірткі және 4 келі гашиш бар
Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі күрес шаралары аясында Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында есірткі сатушылар мен тасымалдаушыларды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде психотроптық және синтетикалық есірткі заттарының ірі көлемі заңсыз айналымнан алынды.
Алматы қаласында полицейлер 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оның автокөлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин психотроптық заты тәркіленді.
Шымкентте тәртіп сақшылары 21 жастағы жігітті қолға түсірді. Жеке тінту барысында одан салмағы жарты килограмм болатын синтетикалық есірткі табылды. Күдікті тыйым салынған затты қала аумағында өткізуді көздеген.
Ал Павлодарда жедел қызметкерлер 32 жастағы әйелді ұстады. Оның сөмкесі мен жеке заттарын тексеру кезінде 1,5 килограмға жуық альфа-PVP және шамамен 30 грамм мефедрон тәркіленді. Белгілі болғандай, күдікті әлеуметтік желі арқылы есірткі курьері жұмысын тауып, тыйым салынған заттарды тарату үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келген.
ІІМ дерегінше, қараша айының алғашқы онкүндігінде республика бойынша есірткіге қатысты 56 құқық бұзушылық анықталды. Оның 35-і ауыр қылмыс санатына жатады. Осы кезеңде 35 күдікті ұсталды. Олардың 19-ы есірткі өткізу, 8-і контрабанда, 3-еуі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, тағы 3-еуі улы заттардың заңсыз айналымы деректері бойынша қолға түсті. Сонымен қатар құрамында есірткі бар өсімдік өсіргені және есірткіні насихаттап, жарнамалағаны үшін бір-бір адам ұсталды.
Он күн ішінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 200 килограмнан астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 190 келі марихуана, шамамен 13 келі синтетикалық есірткі және 4 келі гашиш бар.