Елорда стационарларында 220 бала мен 30 жүкті әйел ем қабылдап жатыр
Елордада маусымдық вирустық инфекциялардың таралуына байланысты медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтілді. Қала стационарларында ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, ауруханада жатқан науқастардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 2 569 пациент амбулаториялық ем қабылдай бастаған. Олардың арасында 1 551 бала және 20 жүкті әйел бар.
Сонымен қатар емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 пациент тұр. Оның 3 132-сі амбулаториялық ем алып жатыр.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін елордадағы емханалар мен жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілген. Медициналық ұйымдарда респираторлық инфекция белгілері бар науқастарды басқа келушілерден бөлек қабылдайтын сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді.
Маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты ауруханалардағы төсек-орын саны да арттырылған.
Бұдан бөлек, Астанада тұрғындарды маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 143 619 адам екпе алған. Олардың 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауруханаларда кезек көбейгенін, тұрғындардың жаппай шағымданып жатқаны туралы жаздық.