13 жастағы бала қолындағы ескі көлік рулімен мұзды ұрып, ойық жасауға тырысқан
Көкшетау қаласында балық аулауға шыққан жасөспірімнің әрекеті қайғылы оқиғаға ұласа жаздады. Құтқарушылардың қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында бала дер кезінде қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Қылшақты өзенінің бойында болған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Бауыржан Жолдасовтың жетекшілігімен өзен аумағын патрульдеп жүрген құтқарушылар жұқа мұз үстінде жүрген баланы байқап қалған.
Белгілі болғандай, 13 жастағы жасөспірім балық ауламақ болып, қолындағы ескі көлік рулімен мұзды ұрып, ойық жасауға тырысқан. Алайда сол уақытта өзен бетіндегі мұз әлі толық қатпаған еді. Оның үстіне баладан бірнеше метр қашықтықта ашық мұз ойықтары болған. Бұл жағдай жасөспірімнің өміріне үлкен қауіп төндірген.
ТЖД қызметкерлері баланы аман-есен жағаға шығарып, онымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Кейін оны үйіне жеткізіп, ата-анасына тапсырды. Ересектерге де бала қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.