Журналистің орнына блогер ме: Төреғали Төреәлінің қарындасының телеарнаға шақырылуы наразылық тудырды

Даулы мәселеге қатысты «Хабар» телеарнасының өкілдері де ресми түсініктеме берді

Журналистің орнына блогер ме: Төреғали Төреәлінің қарындасының телеарнаға шақырылуы наразылық тудырды
Фото: instagram.com/tattti_kyz

Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы, блогер Дина Төреәлінің «Хабар» телеарнасына шақырылуы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Қазақстандықтар арна басшылығының салалық білімі жоқ адамды эфирге шығару туралы шешімін сынға алғаннан кейін, телеарнаның баспасөз қызметі оның жобадағы нақты рөлін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызу талқылауға Дина Төреәлінің өзінің әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болды. Ол телеарнадан жұмысқа ұсыныс алғанын және эфирге дайындалып жатқанын хабарлаған еді. Threads әлеуметтік желісінде қолданушылар бұл жаңалықты қатаң сынға алып, дипломды журналистер жұмыссыз жүргенде, телевизияға блогерлердің шақырылатынына наразылық білдірді.

«Сіздер не ойлап отырсыздар? Журналистикаға оқымаған, дипломы жоқ, бастауыш пен баяндауышты ажырата алмайтын адамды жұмысқа алудың не қажеті бар? Таныс арқылы ма? Сонда төрт жыл оқыған журналистер не істеуі керек? Базарға барып бәліш сатсын ба? Ол онсыз да блогер, ақшасы жетеді. Неге журфак түлектерін алмасқа?» — деп ашынды желі қолданушыларының бірі телеарнаның аккаунтын белгілеп.

Кейінірек Дина Төреәлі желідегі сыншыларға жауап беріп, 23 жасында үш баланы тәрбиелеп отырғанын, жеке кәсібі мен табысы бар екенін алға тартты. Сондай-ақ ол «егер адамның әлеуеті болмаса, диплом-қағаз ештеңені шешпейтінін» мәлімдеді.

Даулы мәселеге қатысты «Хабар» телеарнасының өкілдері де ресми түсініктеме беріп, блогердің бағдарлама жүргізушісі болмайтынын мәлімдеді.

Телеарна өкілдерінің айтуынша, «Ой тұмар» жобасын Жайна Сламбек, Мөлдір Досбай, Ләйлә Сұлтанқызы және Ақмоншақ Нұртаза жүргізеді. Ал Дина Төреәлі, Лаура Лесбек пен Риза Данияр бағдарламада аптасына бір рет эфирге шығатын негізгі спикерлердің бірі ретінде қатысады.

Редакция өкілдері жобаның мақсаты әртүрлі буын өкілдерінің пікірін жеткізу екенін атап өтті. Алдағы уақытта бағдарламаға жасөспірімдерден бастап аға буын өкілдеріне дейінгі түрлі жастағы көрермендер қонақ ретінде шақырылады.