Словакияда төрт қазақстандық ұсталды: олар бопсалау мен адам ұрлау ісі бойынша күдікке ілінген

Ұсталғандардың жасы 18 бен 21 аралығында

Словакияда төрт қазақстандық ұсталды: олар бопсалау мен адам ұрлау ісі бойынша күдікке ілінген
Фото: скриншот

Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыртқы істер министрлігі ұсталу себептерін нақтыламағанымен, отандастарымызға қажетті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

«Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында», — делінген ведомство хабарламасында.

Словакияның TN Live телеарнасының мәліметінше, Тренчин қаласында жасалған болжамды бопсалау әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бес жас жігіт ақша талап ету мақсатында жергілікті тұрғынды іздеген. Іздестіріліп жатқан азаматтың әжесінің айтуынша, күдіктілер оның үйіне келіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған және тінту жүргізген. Кейін олар іздеген ер адамды тауып, соққыға жыққан деген болжам бар. Әжей жалған полиция қызметкерлерінің әрекетіне шағымданбақ болғанда, олардың құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ екені анықталған.

Жергілікті полиция бес күдіктінің төртеуін ұстады, ал біреуі оқиға орнынан бой тасалаған. Ұсталғандардың жасы 18 бен 21 аралығында. Олардың барлығы жергілікті университеттің студенттері екені белгілі болды.

Ұсталғандардың бірінің адвокаты Мартин Бурайдың сөзінше, оның қорғауындағы азаматқа «алдын ала сөз байласу арқылы бопсалау мақсатында адам ұрлау» бабы бойынша айып тағылған.

Алайда қорғау тарапы бұл айыппен келіспей отыр. Адвокаттың айтуынша, алдын ала тергеу кезеңінде-ақ айыптау тарапының нұсқасына күмән келтіретін дәлелдер табылған. Қазіргі уақытта сотқа айыпталушыларды қамауға алу туралы өтінішхат жолданды.