Астанада өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгеген автокөліктерді жылжытатын құрылғы таныстырылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жаңа талаптарға сәйкес, биіктігі 10-нан 28 метрге дейінгі ғимараттарда өрт сөндіру жолының шетінен қабырғаға дейінгі қашықтық 5–8 метр болуы керек

Фото: ТЖМ

Бүгін, 21 қарашада Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен көпқабатты тұрғын үйлерге өрт сөндіру техникасының кедергісіз жетуін қамтамасыз ететін жаңа шешімдер таныстырылды. «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің аумағында арнайы алаң мен жолды бөгеп тұрған автокөліктерді жылжытуға арналған құрылғы көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай кезінде ретсіз қойылған автокөліктер құтқарушылардың ғимаратқа жақындауына кедергі келтіреді. Осы мәселені шешу мақсатында елімізде тұрғын үйлерді жобалау және салу кезінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдарды міндетті түрде қарастыратын жаңа құрылыс нормалары енгізілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, биіктігі 10-нан 28 метрге дейінгі ғимараттарда өрт сөндіру жолының шетінен қабырғаға дейінгі қашықтық 5–8 метр болуы керек. Ал биіктігі 28 метрден асатын үйлерде бұл көрсеткіш 8–10 метрді құрауы тиіс.

Сонымен қатар арнайы алаңдардың жабыны ауыр автосатылар мен автокөтергіштердің салмағына төтеп беруі қажет. Мұндай орындар құтқару техникасының кедергісіз кіруі үшін әрдайым бос болуы шарт.

ТЖМ қызметкерлері бұрын салынған тұрғын үй кешендерінде де арнайы алаңдарды жабдықтау жұмыстарын қолға алды. Осы мақсатта КСК және ОСИ өкілдерімен бірлесіп, арнайы жол белгілері мен таңбаларын орнату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Арнайы техникаға арналған орындарға көлік қойып, тоқтау және тұраққа қою қағидаларын бұзған жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес айыппұл салынады.

Сонымен қатар таныстырылым барысында өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгеп тұрған автокөліктерді жедел жылжытуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы көрсетілді.