ШҚО-да полицейлер дронның көмегімен үш апта бұрын жоғалған 30 бас жылқыны тапты
Бұған дейін мал иесінің өз бетінше жүргізген іздестіру әрекеттері еш нәтиже бермеген
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында тәртіп сақшылары ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып, иесінің қарауынан тыс қалған жылқы үйірін бірнеше сағаттың ішінде анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, Ақбұлақ ауылының тұрғыны таңертеңгі уақытта үш аптадан астам уақыт бойы таптырмай кеткен малын іздеуге көмек сұрап, полицияға жүгінген. Бұған дейін мал иесінің өз бетінше жүргізген іздестіру әрекеттері еш нәтиже бермеген.
Өңір аумағының кеңдігі мен жер бедерінің күрделілігін ескерген Марқакөл аудандық полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппаратын (дрон) жұмылдырды. Оның көмегімен жаяу адам немесе автокөлік жете алмайтын қиын учаскелерді әуеден жедел тексеруге мүмкіндік туды.
Заманауи техниканың арқасында сол күні түске қарай жоғалған 30 бас жылқы аман-есен табылып, толықтай иесіне қайтарылды.
Ауыл тұрғыны жедел әрекет етіп, кәсіби шеберлік танытқан тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді. Облыстық полиция департаменті ұшқышсыз ұшу аппараттары бүгінде қиын қолжетімді өңірлерді бақылауда және жоғалған малды іздеуде таптырмас құралға айналғанын атап өтті.
