«Әділетті болашақ үшін»: партия бағдарламасы БАҚ өкілдері мен докторанттармен талқыланды
Партия бағдарламасында Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасын салу көзделген
Денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамту, коммуналдық инфрақұрылым және цифрлық технологиялар – Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бағыттар. Осы мәселелер «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында БАҚ өкілдері және Әлихан Бөкейхан университетінің докторанттарымен өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге партия мүшелері Лилия Муслимқызы, Саят Танатаров, Сабыржан Букашев, Мұхит Тұрсынов, Ернар Тоқтаров, Мирас Малғаждаров, Алтай Дюсупов, Алмас Әділбеков және Нұрбек Бекенов қатысты. Талқылау барысында өңірдің бүгінгі қажеттіліктері мен алдағы жылдарға арналған даму міндеттері өзара сабақтастықта қарастырылды. Қатысушылар бағдарламалық бастамалардың маңызын, олардың жүзеге асу тетіктерін және тұрғындардың өмір сапасына ықпалын сөз етті.
Алғашқы болып сөз алған Алтай Дюсупов өңірдегі денсаулық сақтау саласының негізгі түйткілдеріне тоқталды. Қазіргі таңда облыста дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің 55,25 штаттық бірлігі жетіспейді. Медициналық нысандар мен жабдықтардың тозу деңгейі 61 пайыздан асады. Бұл көрсеткіштер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды жаңартумен қатар, кадр тапшылығын шешудің де маңызды екенін көрсетеді.

Партия бағдарламасында Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасын салу, аудандардағы медициналық нысандарды жаңарту көзделген. Ал 2031 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу – саланы дамытудың маңызды мақсаттарының бірі.
Нұрбек Бекенов «Қуатты өңірлер» бағыты аясында тұрғын үй, жол-көлік инфрақұрылымы және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, өңірдің тұрақты дамуы қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға, жолдардың сапасын жақсартуға, көлік қатынасын дамытуға және тұрғындарды баспанамен қамтуға тікелей байланысты. Партия бағдарламасында жыл сайын кемінде 348 мың шаршы метр тұрғын үй салу, жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді жаңғырту, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру міндеттері көзделген.
Мирас Малғаждаров цифрлық технологиялардың өңірлік даму үшін маңызына тоқталды. Цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді. Осыған байланысты ауылдық елді мекендерде сапалы интернет пен мобильді байланысты қамтамасыз ету, талшықты-оптикалық және спутниктік байланыс желілерін дамыту көзделген. Сонымен қатар Семей қаласындағы фото-бейнетіркеу және бейнеаналитика жүйесін кеңейтіп, камералар санын 2 194-ке жеткізу жоспарланып отыр. Мұндай шешімдер қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, қалалық инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Алмас Әділбеков өңірлік дамудың табысты болуы қабылданған жоспарлардың орындалуына және олардың халық өміріндегі нақты өзгерістермен өлшенуіне байланысты екенін атап өтті. Кездесуде партия кандидатының сенімді өкілі, БАҚ өкілі Думан Кенжеғазин де қолдау пікірін білдірді. Ол өңірдің өзекті мәселелерін ашық талқылау, қоғамдық пікірді ескеру және бағдарламалық міндеттердің орындалуын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, қоғамға ұсынылған бастамалар нақты істермен бекітіліп, олардың нәтижесі тұрғындарға түсінікті әрі ашық көрсетілуі қажет.
Кездесу қорытындысында өңірдің негізгі даму бағыттары бір-бірімен тығыз байланысты екені атап өтілді. Медицинаның қолжетімділігі, баспана мәселесі, коммуналдық желілердің сенімділігі мен цифрлық инфрақұрылым – халықтың өмір сапасын айқындайтын ортақ жүйенің құрамдас бөліктері. Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттердің басты өлшемі – олардың нақты іске асуы және тұрғындар сезінетін нәтижеге айналуы.
Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді
