«Халықтық құрылыс» бағдарламасы: депутат импорттық құрылыс материалдарын шектеуге шақырды

Автор: Махан Миражан

Сондай-ақ депутат 2027 жылы ауқымды құрылыс жұмыстары басталғанға дейін отандық зауыттардың өндірістік қуатын бағдарламаға қажетті құрылыс материалдарының көлемімен сәйкестендіру қажет екенін атап өтті

Фото: ЖИ

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық құрылыс материалдарын пайдалануға бақылауды күшейту қажет. «Әділет» париясының депутаты Илья Теренченко депутаттық сауалында құрылыс нысандарында қазақстандық өнімді импорттық материалдармен негізсіз алмастыру, жалған сертификаттар мен мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар мәселесін көтерді. Осыған байланысты депутат Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Илья Теренченконың айтуынша, мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінетін ірі инфрақұрылымдық жоба ретінде белгілеп, отандық зауыттардың өндірістік қуатын барынша пайдалануды тапсырған.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жеті айда құрылыс материалдарының өндірісі шамамен 12 пайызға өсіп, 1 триллион 160 миллиард теңгеге жеткен. Отандық өнімнің нарықтағы үлесі 73 пайызды құраған. Соған қарамастан, импорт көлемі 387,7 миллиард теңге болып отыр. Шетелдік өнімді отандық балама болмаған, өндіріс көлемі жеткіліксіз немесе өнім техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ғана сатып алу керек», деді «Әділет» партиясының депутаты.

Илья Теренченко құрылыс саласында бірнеше жүйелі мәселе бар екенін айтты. Соның бірі – құжатта отандық өнім көрсетілгенімен, құрылыс барысында мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің оны импорттық материалдармен алмастыруы.

«Сметада отандық өнім көрсетілгенімен, құрылыс барысында мердігерлер мен қосалқы мердігерлер оны импорттық өніммен алмастырады. Бақылау тек құжат жүзінде емес, тікелей құрылыс нысанында жүргізілуі қажет», – деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алудағы шектеулерді айналып өту жағдайларын да атап өтті. Айтуынша, сатып алуға тыйым салынған импорттық тауарлар құрылыс және жөндеу жұмыстарының құрамына енгізіліп, жеткізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, құрылыс материалдарының сапасы мен шығу тегін растайтын жалған сертификаттар мәселесі көтерілді. Депутаттар мұндай құжаттар ғимараттардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, мерзімінен бұрын жөндеу жұмыстарына қосымша шығын әкелетінін айтады.

Депутат құрылыс нормаларының бұзылуы мен сметалық құнның негізсіз ұлғайтылуы нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана анықталатын жағдайларды да айтты. Бұл кезде кінәлілерді жауапқа тарту мерзімі өтіп кетуі мүмкін екенін жеткізді.

Осыған байланысты депутат тапсырыс берушіден бастап техникалық қадағалаушы мен қосалқы мердігерлерге дейін барлық тараптың дербес жауапкершілігін бекітуді ұсынды және үкіметке бірқатар мәселені шешуді талап етті.

  • құрылыс материалдарының шығу тегі мен нысанда қолданылуына жобадан бастап пайдалануға қабылдауға дейін бақылау енгізуді;
  • импорттық материалдармен алмастырудың қатаң келісу тәртібін бекітуді;
  • жалған сертификаттарды анықтау үшін цифрлық тексеру жүйесін енгізуді;
  • мердігерлердің сметаны сақтамағаны және материалдарды негізсіз алмастырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді;
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіп, құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруды;
  • «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық материалдардың үлесі мен зауыттардың өндірістік жүктемесіне мониторинг жүргізуді сұрады.

Сондай-ақ депутат 2027 жылы ауқымды құрылыс жұмыстары басталғанға дейін отандық зауыттардың өндірістік қуатын бағдарламаға қажетті құрылыс материалдарының көлемімен сәйкестендіру қажет екенін атап өтті.