Ақмола облысында «Көкше Цемент» ірі өнеркәсіптік кәсіпорнының жұмысы қалпына келді
Соның арқасында жүздеген жұмыс орны сақталған
Ақмола облысында Қазақстанның құрылыс индустриясындағы маңызды кәсіпорындардың бірі – «Көкше Цемент» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Бірнеше айға созылған үзілістен кейін зауыттың өндірісі қалпына келіп, жабдықтар жаңғыртылды және жүздеген жұмыс орны сақталды, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Жаңа инвесторды тарту нәтижесінде кәсіпорынды дамытуға 10 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Жылына 2 млн тоннаға дейін цемент өндіруге қауқарлы зауыт бүгінде отандық өнім көлемін ұлғайтып, елдің құрылыс саласын қажетті материалдармен қамтамасыз етуге дайын.
Кәсіпорын қызметінің қайта жандануы Ақмола облысы әкімдігінің, акционерлер мен жаңа инвестордың бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Қаржылық қиындықтар мен күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігіне байланысты зауыт 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін өндірісін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді. Тартылған инвестициялар өндірістік инфрақұрылымды қалпына келтіруге, жабдықтарды жаңғыртуға және кәсіпорынның алдағы уақытта тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Кәсіпорынның жұмысымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов танысты. Жұмыс сапары барысында ол өндірістік қуаттарды аралап, жаңғырту жұмыстарының нәтижелерін бағалады және еңбек ұжымымен кездесті. Жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу және өндірісті одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленуде. Сонымен қатар инвестор еңбекақы мөлшерін 30 пайызға арттырды.
Зауыт жұмысының қалпына келтірілуі отандық өнеркәсіпті дамыту және құрылыс саласындағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру міндеттері тұрғысынан ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды құрылыс жылы қарсаңында отандық өндірістің сапалы құрылыс материалдарына деген сұраныс артып келеді. Құрылыс саласының дамуы ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз ете алатын өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін қосымша мүмкіндіктер ашуда.
«Президент құрылыс саласын дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойды. Ақмола облысында Үкіметтің қолдауына ие болған ірі әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру басталды. Осындай жағдайда өзіміздің өндірістік базамызды дамыту аса маңызды. «Көкше Цемент» сияқты кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, халықты жұмыспен қамтуға және отандық өндірушілердің мемлекеттік жобаларды іске асыруға қатысуына жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Қазір «Көкше Цемент» зауытының өндірістік қуаты жылына 2 млн тоннаға дейін цемент шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның 2026–2027 жылдарға арналған жоспарында шамамен 1,5 млн тонна өнім өндіру көзделген. Зауыттың басты артықшылықтарының бірі – әктас пен аргиллит карьерлерін қамтитын жеке шикізат базасының болуы. Бұл өндірістік процесті негізгі шикізат түрлерімен сыртқы жеткізушілерге тәуелді болмай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті бизнеспен белсенді ынтымақтастық орнатып, кәсіпкерлерді шикізат тасымалдауға және өндірістік міндеттерді орындауға тартып отыр.
«Біз қазақстандық қамту үлесі 100 пайызды құрайтын цемент өндіруге басымдық беріп отырмыз және солтүстік өңірдің құрылыс саласын қажетті өніммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Қазіргі уақытта елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларды ескерсек, кәсіпорынның алдында зор мүмкіндіктер ашылып отыр», – деді «Көкше-Цемент» ЖШС бас директоры Тимур Утешев.
