Бәліш пісіріп, ақыл айтады: Қазақстанда білім беру курстарын сататындарға жаңа талап қойылуы мүмкін

Министрдің сөзінше, заң жобасында білім беру контентін тарататын тұлғалардың білімі мен оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету көзделген

Бәліш пісіріп, ақыл айтады: Қазақстанда білім беру курстарын сататындарға жаңа талап қойылуы мүмкін
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда білім беру курстарын ұсынатын азаматтардың біліктілігі туралы ақпаратты ашық көрсетуі міндеттеледі. Яғни онлайн курстар мен түрлі оқыту бағдарламаларын сататын тұлғалардың тиісті білімі бар-жоғы туралы мәлімет тұтынушыларға қолжетімді болуы керек. Бұл туралы Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy. 

Министрдің сөзінше, заң жобасында білім беру контентін тарататын тұлғалардың білімі мен оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.

«Ұсынылып отырған талаптардың мақсаты – азаматтарға білім беру курстарын тарататын тұлғалардың тиісті білімі бар-жоғы, сондай-ақ ұсынылатын оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпарат алу мүмкіндігін беру. Осылайша, бұл бағыт таратылатын ақпараттың ашықтығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған», – деді Арман Қырықбаев.

Құрылтай отырысында заң жобасын талқылау барысында «Әділет» партиясының депутаты Ләззат Жылқыбаева әлеуметтік желіде әртүрлі курс сататын, тіпті, бәліш пісіріп контент түсіретіндер де заң жобасымен шектеле ме деп сұрады.

«Заң жобасы кез келген білім беру курстарында біліктілік туралы мәліметтерді, оккульттық қызметтер туралы контентте оның ойын сауық сипатта екені туралы белгіні көрсетуді міндеттейді. Бұл дұрыс. Шынайы біліктілігі жоқ өткізушілерден қорғау маңызды. Алайда бұл норманың қолданылу аясына интернеттегі кез келген оқыту бейнеролигі еніп кетуі мүмкін. Яғни, бәліш пісіруді үйрететін әжеден де, тегін бейне сабақ түсірген мектеп мұғалімінен де дипломдар мен сертификаттар талап етіледі. Мұндай шектеулер өз тәжірибесін көрсетіп,  айналасындағылардың денсаулығына зиян келтірмейтін, қауіп төндірмейтін танымдық бейнероликтер жасайтын азаматтарға жасанды кедергілер туғызуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, біз сараланған тәсілді ұсынамыз», деді депутат.

Жылқыбаеваның айтуынша, тұрмыстық және танымдық сипаттағы контентті, мысалы тағам пісіруді үйрету сияқты бейне роликті реттеу аясынан шығару маңызды.

«Дипломдар мен лицензиялардың деректерін тек жауапкершілігі жоғары салаларда, мысалы медицина, дәрі дәрмекке қатысты ұсынымдар, қаражатты дұрыс инвестициялау мәселелерінде яғни арнайы білім мен біліктілікті талап ететін бағыттарда ғана көрсетуді мәндеттеу. Бұл мәселеге қатысты министрліктің ұстанымы қандай?», - деді ол.  

Депутаттың бұл ұсынысын министр де қолдап, өзінің ұстанымын айта кетті.

«Ұсыныстарыңыз заңнаманың концепциясына қайшы емес. Расымен, азаматтар тұрмыстық, өмірлік тәжірибесін көрсетіп жатса, онда тұрған ештеңе жоқ. Сіз нақты форма берсеңіз, оны жұмыс тобында қарастыруға болады. Бұл жердегі мәселе расымен білімі жоқ болса да, оның өміріне, денсаулығына, құқығына тікелей әсер ететін ақыл, кеңес беріп, жұртты шатастыратындардың алдын алу үшін жасалған ұсыныс. Біздің мақсатымыз осы» деді министр.

Айта кетейік, Құрылтайда онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.