Атбасар колониясындағы сот: 12 бұрынғы қызметкерге үкім шықты

Барлық айыпталушыға 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Атбасар колониясындағы сот: 12 бұрынғы қызметкерге үкім шықты
Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысы Атбасар аудандық соты түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерді ұрып-соқты деген айыптаумен сотқа тартылған бұрынғы колония қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бұл шулы іс үшінші әрекеттен кейін ғана соңына жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2023 жылдың тамызында ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінде сотталғандарды жаппай ұрып-соғу дерегі тіркелген болатын. Тергеу барысында 44 адам жәбірленуші деп танылды. Олардың арасында азаматтық белсенді Тимур Данебаев та бар.

Бастапқыда «Азаптау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс кейін «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қайта сараланды.

Бұған дейін алқабилер мен сот шешімімен айыпталушылар бірнеше рет ақталған. Алайда прокуратураның наразылығынан кейін іс қайта қаралып, 12 бұрынғы мекеме қызметкері кінәлі деп танылды.

Барлық айыпталушыға 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оның ішінде 9 сотталушының жаза мерзімі рақымшылыққа байланысты 1 жылға қысқартылды. Сонымен қатар сот шешімімен жәбірленушілерге 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін моральдық зиян өтемақысы тағайындалды.