Жалын салдарынан ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық техника 50 шаршы метр аумақта жанып кетті
Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы Алаш тасжолы бойында орналасқан базар аумағында төтенше жағдай болды. Дәмхана ретінде қайта жабдықталған 40 тонналық контейнерден кенеттен от шығып, жалын аумақты шарпыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл жетіп, өртті сөндіру кезінде ықтимал жарылыс қаупінің алдын алды. Жалын салдарынан ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық техника 50 шаршы метр аумақта жанып кетті.
Барлау және өрт сөндіру жұмыстары барысында құтқарушылар нысан ішінен үш газ баллонын сыртқа алып шықты. Осылайша олардың қызып, жарылуына жол берілмеді. Өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.