Қарағандыда көктайғақта дрифт жасаған үш жүргізуші жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазір республикалық трассаларда 50 автопатруль мен 100-ден астам полицей кезекшілік етіп жатыр

Фото: скриншот

Қарағанды облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңір жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды шаралар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшылары республикалық маңызы бар автожолдар мен елді мекендерде қауіпсіздік шараларын күшейтті. Қазір республикалық трассаларда 50 автопатруль мен 100-ден астам полицей кезекшілік етіп жатыр. Тексеріс барысында қысқы маусым талаптарына сай келмейтін жазғы дөңгелекпен жүрген 30-дан астам көлік тоқтатылып, кері қайтарылды. Сонымен қатар қысқы кезеңге дайындықты қамтамасыз етпеген немесе жолдарды уақытылы тазаламаған бес жауапты мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Топар кентінде заңсыз дрифт жасаған жүргізушілер анықталды. Тексеріс кезінде Абай ауданына қарасты Топар кентінде жол үстінде қауіпті маневр жасап, дрифт жасаған 18–21 жас аралығындағы үш жүргізуші ұсталды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына айыппұл салынды.