Қазақстанда ұшақ билеттері қымбат па: баға мәселесі министрлікте қаралды

Автор: Асыл Арман

Жиында ұшақ билетінің құнына қатысты ұсыныстар талқыланды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда әуе билеттерінің құнына қатысты мәселе Сауда министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңесте қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырысқа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекин қатысты.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смайылов ел ішіндегі әуе рейстеріне арналған билеттердің құны қандай тәртіппен қойылатыны және баға қалыптастыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Көлік министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе билеттерінің құнын бақылап, тарифтердің белгілену тәртібін жан-жақты тексеретін болды.

Бұдан бөлек, жолаушыларға билет бағасын күн сайын салыстыруға мүмкіндік беретін баға күнтізбесін енгізу және билеттердің бағасы өзгерген жағдайда хабарлама жіберу мүмкіндігі талқыланды.