Олар Қазақстанның бірнеше өңірінде есірткі өндіріп сатқан
Қарағанды облысында есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Олардың 60 келі мефедрон өндіріп сатқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта белгілі болғандай, бұл топқа 2022-2024 жылдары екі адам жетекшілік еткен. Топта екеуінен бөлек тағы бірнеше адам болған.
Алғашқы есірткі зертханасын олар 2022 жылы Теміртауға жақын маңдағы Ақтау ауылында ашып алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Алматы облысының Іле ауданында «Ветеран-Алатау» кооперативі аумағында екінші лабораторияларын ашыпты. Үшіншісі 2024 жылдың қыркүйегінде Қарағандының Нұра көшесінен табылды.
Бұдан бөлек, бұл топ өзге де есірткі зертханаларын ашу үшін басқа да орындарды қарастырып жүріпті. Прекусорлар мен өзге де қажетті жабдықтар алып, Теміртау мен Алматы облысындағы және Қарағанды облысының Асыл ауылындағы гараждарға жасырған. Алайда жоспарын орындаймын дегенше полицияға ұсталып қалған.
Оларды ұстаған сәтте көлік ішіндегі ер адамдардың бірінен есірткі табылған.
Топ құрамында болған тағы бір адам Алматы облысында аса ірі көлемде есірткі өндіріп, оны сақтауға жауапты болған. Ал тағы біреуі осы жолда тапқан ақшасына дүние-мүлік алып үлгеріпті.
Сотта олардың қылмысы куәгерлердің сөзімен, сараптама нәтижесімен, тергеу барысындағы мәліметтермен және банк шоттарындағы ақша айналымымен дәлелденген.
Сот қылмыстық топты құрған жетекшілердің бірін дүние-мүлкін тәркілеп, 22 жылға бас бостандығынан айырды. Екіншісі 19 жылға кетті.
Қылмыстық топқа кейіннен мүше болғандар да ұзақ жылға сотталды. Олардың екеуі 16 жылға сотталып, дүние-мүлкінен айырылса, бесіншісі 10 жыл арқалады. Ол да бүгінге дейін тапқан мүлкінен қағылды.
Сот қылмыскерлерге үкім шығар алдын олардың бірі дәл осындай ісі үшін сотталғанын ескерді. Тағы бірінің кәмелетке толмаған балалары бар екені, ал екіншісінің жасаған ісіне шын жүректен өкінетіні жазаны жеңілдететін жағдай ретінде танылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін прокуратура аталған қылмыстық топтың есірткі сатып, 580 млн теңге тапқаны хабарланған.