Олардың мәліметінше, ұсталған адам бөлімше менеджері
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Еңбек» мекемесінің басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Кейбір БАҚ бұл тергеу аясында мекеменің басшысы ұсталды дегенді жазған. Біздің редакциямызға хабаласқан Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мекеменің басшысы емес, менеджері ұсталғанын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жекелеген БАҚ-тарда «Еңбек» мекемесінің басшылығының ұсталғаны туралы жалған ақпарат таралуына байланысты мынаны хабарлаймыз: Ішкі істер министрлігі Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жедел әрекет ете отырып, «Еңбек» мекемесінің тамақтануға жауапты менеджерінің құқыққа қарсы іс-әрекетін анықтады. Сондықтан, ұсталған адам кәсіпорын басшысы емес, құрылым бөлімшесінің қызметкері», - деп хабарлайды ҚАЖК.
Яғни, қорыта айтқанда, ҚАЖК «Еңбек» мекемесінің бас директорының ұсталғаны туралы ақпаратты толық жоққа шығарды.